Сабақ

video
play-rounded-fill

Жұмыстың мақсаты:

  • Өсімдік майлары молекулаларында қанықпаған байланыстардың бар-жоғын сапалық реакция арқылы анықтау.

Күтілетін нәтижелер

Жобаны зерттегеннен кейін оқушылар:

  •  Топтық жұмыс дағдыларын қалыптастыра алады
  •  алынған ақпаратты талдай және қорытындылай алады
  •  өз бетінше логикалық қорытынды жасай алады

Мұғалімге арналған нұсқаулық:

  • Тапсырма  жұппен орындалады
  • Зертханалық жұмысты бастамас бұрын, сілтеме бойынша қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:
  • Жұмыс парағын жүктеп алу үшін сілтемеге өтіңіз:

Теориялық бөлім

Өсімдік майлары – глицерин мен май қышқылдарының күрделі эфирлері. Май қышқылдары қаныққан (қос байланысы жоқ) және қанықпаған (бір немесе бірнеше қос байланысы бар) болып бөлінеді.

Қос байланыстардың бар-жоғын галогендермен (мысалы, йод ерітіндісімен) реакция арқылы анықтауға болады. Қанықпаған байланыстар болған жағдайда йод ерітіндісі түссізденеді.

Өнеркәсіпте және зертханаларда осы реакция негізінде өсімдік майларының йод саны анықталады: майда қанықпаған байланыстар көп болса, түссіздену күштірек болады және йод саны жоғарылайды.

Практикалық бөлім

1-қадам. Қолғап киіңіз. Үш сынауыққа 3-4 мл судан құйыңыз.

2-қадам. Әр сынауыққа бірнеше тамшы йод ерітіндісін қосыңыз, абайлап араластырыңыз.

3-қадам. Бірінші сынауыққа 2 тамшы өсімдік майын құйыңыз. Йод пен майдың араласпайтынын байқауға болады, себебі олардың фазалары әртүрлі. 

4-қадам. Олардың араласуы үшін бір тамшы сабын сұйықтығын қосыңыз. Сынауықты жауып, 5–10 секунд бойы шайқаңыз.

5-қадам. Бақылау үшін екінші және үшінші сынауыққа сәйкесінше 2 тамшы этанол және 2 тамшы глицерин қосыңыз.

6-қадам. Өзгерістерді бақылап, 5–10 минуттан кейін сынауықтағы ерітінділердің түссіздену дәрежесін салыстырыңыз.

Күнбағыс майының йодпен әрекеттесуі оның құрамында қанықпаған қос байланыстары бар май қышқылдары бар екенін көрсетеді. Алкендер секілді мұндай қосылыстар қос байланыс бойынша қосылу реакцияларына түсіп, йодты немесе калий перманганаты ерітіндісін түссіздендіреді. Этанол мен глицеринде мұндай байланыстар жоқ, сондықтан олар түссізденуді тудырмайды.

Қорытынды

Жұмыс барысында оқушылар өсімдік майы мен йодты қолданып, қанықпаған байланыстарға сапалық реакция жүргізуді үйренді. Олар қос байланысы бар органикалық қосылыстар йодпен әрекеттесіп, оны түссіздендіретінін анықтады.