Сабақ
Жұмыстың мақсаты:
- аминқышқылдарының құрамын және құрылысын зерттеу.
Күтілетін нәтижелер
Жобаны зерттегеннен кейін оқушылар:
- Топтық жұмыс дағдыларын қалыптастыра алады
- алынған ақпаратты талдай және қорытындылай алады
- өз бетінше логикалық қорытынды жасай алады
Мұғалімге арналған нұсқаулық:
- Тапсырма жұппен немесе жеке орындалады.
- Зертханалық жұмысты бастамас бұрын, сілтеме бойынша қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:
- Жұмыс парағын жүктеп алу үшін сілтемеге өтіңіз:
Теориялық бөлім
Аминқышқылдары – құрамында екі маңызды функционалды топ бар органикалық қосылыстар:
- амин тобы (–NH₂),
- карбоксил тобы (–COOH).
Олардың жалпы формуласы: H₂N–CH(R)–COOH, мұнда R – радикал (әр аминқышқылында әртүрлі болады).

Ақуыздар құрамында көбінесе α-аминқышқылдары кездеседі. Мұнда амин тобы мен карбоксил тобы бір көміртек атомына (α-көміртекке) жалғанған.
Егер көміртек атомы төрт түрлі топпен байланысса, оны асимметриялық көміртек (C*) деп атайды. Мұндай атом молекулаға хиралдылық қасиет береді, яғни ол кеңістікте бір-біріне айналық бейне болатын екі түрге бөлінеді. Мұндай түрлерді энантиомерлер дейді.


Практикалық бөлім
1-қадам. Аминқышқылдарының жалпы формуласын жасаңыз:

Ермексаздан түрлі түсті шарлар жасап, оларды атомдарға сәйкестендіріңіз: көміртек, сутек, азот, оттек. Радикал (R) үшін бөлек түсті таңдаңыз. Сутек атомдары басқа атомдарға қарағанда кішірек болуы тиіс.

2-қадам. Тіс тазалағыштарды дайындап, екіге бөліңіз. Олар атомдарды қосатын «байланыс» қызметін атқарады.

3-қадам. Алдымен екі көміртек атомын өзара жалғаңыз.

4-қадам. Карбоксил тобын құрыңыз: шеткі көміртекке екі оттек атомын бекітіңіз. Бір оттек қос байланыс арқылы, екіншісі дара байланыс және қосымша сутекпен жалғануы керек.

5-қадам. Орталық көміртекке бір сутек атомын жалғап қойыңыз.

6-қадам. Сол орталық көміртекке азот атомын екі сутек атомымен бірге қосып, амин тобын жасаңыз.

7-қадам. Енді орталық көміртекке радикалды (R) жалғаңыз. Осылайша аминқышқылдың негізгі моделі дайын болады.


8-қадам. Үлгіні қолданып, аминқышқылдарының нақты мысалдарын жасаңыз.
Мысалы, глицин: радикалды алып тастап, оның орнына сутек атомын байлансытырыңыз. Глицин моделі дайын! Енді глицинде асимметриялық көміртек атомы бар-жоғын анықтап, жауабыңызды жұмыс парағына жазыңыз.


9-қадам. Келесі қадамда аланин моделін жасаңыз: орталық көміртектегі бір сутек атомын метил тобымен (–CH₃) алмастырыңыз.


10-қадам. Аланинде асимметриялық көміртек атомы бар ма? Жауабыңызды жұмыс парағына жазып, қорытынды жасаңыз.

Қорытынды
Бұл жұмыста оқушылар аминқышқылдарының молекулаларын модельдеді, олардың жалпы формуласы мен функционалды топтарымен танысты, сонымен қатар асимметриялық көміртек атомын анықтауды үйренді. Глицин мен аланин мысалында аминқышқылдарының құрылысындағы айырмашылықтарды және олардың биологиялық рөлін бекітті.
