2-сабақ
1-қадам. Бірнеше күннен кейін өскіндерді бақылап, олардың сабақ ұзындығын, жапырақтарының болуын, дамуын және түсін белгілеңіз.


Бұл тәжірибеде мынадай нәтижелер алынды:
- А тобы (табиғи жарық): өскіндердің нашар дамуы байқалды, тұқымдардың басым бөлігі тамыр түзу сатысында қалды. Мұның себебі қосымша факторлардың (ылғалдылық деңгейі, ауа қозғалысы және т.б.) ықпалы болуы мүмкін.
- B тобы (күшті жасанды жарық, 10–15 см): өскіндер мықты, бірақ С тобымен салыстырғанда қысқалау болып дамыды. Сабақ ұзындықтарында айқын өзгергіштік байқалды. Жапырақтары жақсы жетілген, қанық жасыл түсті.
- C тобы (әлсіз жасанды жарық, 30 см): сабақ ұзындықтарының дамуы біркелкі болды. Жапырақтары тұрақты жасыл түсті.
- D тобы (толық қараңғылық): айқын этиоляция құбылысы байқалды: сабақтар жіңішке, ағарған және басқа топтармен салыстырғанда едәуір ұзын; жапырақтары сарғыш әрі әлсіз дамыған.
2-қадам. Әр топ үшін вариациялық қатар құрыңыз. Ол үшін өскіндерді сабақ ұзындығы бойынша өсу ретімен орналастырыңыз.

3-қадам. Әр өскіннің гипокотиль ұзындығын сызғышпен өлшеп, мәліметтерді миллиметрмен Жұмыс парағына енгізіңіз.
Гипокотиль ұзындығы – тұқымжарнақтың бекіну нүктесінен бастап тамыр жүйесінің басталуына дейінгі арақашықтық.


4-қадам. Мәліметтерді статистикалық өңдеуден өткізіңіз. Әр вариациялық қатар үшін мына көрсеткіштерді есептеңіз:
- Минималды мән (min) – гипокотильдің ең кіші ұзындығы;
- Максималды мән (max) – гипокотильдің ең үлкен ұзындығы;
- Мода – жиі кездесетін мән;
- Медиана – өсу ретімен орналастырылған қатардың ортасындағы мән;
- Орташа мән – мына формула бойынша:

мұндағы x – өлшенген белгінің мәндері, n – өскіндер саны.


5-қадам. Әр топтың вариациялық қатарын график түрінде бейнелеп, вариациялық қисық салыңыз.
- Қисықтың орталық бөлігінде («шыңында») жиі кездесетін мәндер орналасады — бұл мода мен медиана аймағы.
- Қисықтың шеткі аймақтарында шеткі мәндер (min және max) бейнеленеді.
- Вариациялық қисықтың формасы модификациялық өзгергіштіктің заңдылықтарын көрсетіп, сыртқы орта факторларының өскіндердің дамуына әсерін талдауға мүмкіндік береді.


Қорытынды
Маш өскіндерінің өсуі сыртқы орта жағдайына тәуелді екені анықталды. Өлшеулер нәтижесінде әртүрлі жағдайдағы өскіндердің ұзындығы әртүрлі болды. Вариациялық қатар мен қисық модификациялық өзгергіштіктің заңдылықты және жаппай сипатта болатынын көрсетті.
