Сабақ
Жұмыстың мақсаты:
- Глицин мысалында аминқышқылдарының химиялық қасиеттерін зерттеу.
Күтілетін нәтижелер
Жобаны зерттегеннен кейін оқушылар:
- Топтық жұмыс дағдыларын қалыптастыра алады
- алынған ақпаратты талдай және қорытындылай алады
- өз бетінше логикалық қорытынды жасай алады
Мұғалімге арналған нұсқаулық:
- Тапсырма 3-4 адамнан тұратын топтарда орындалады
- Зертханалық жұмысты бастамас бұрын, сілтеме бойынша қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:
- Жұмыс парағын жүктеп алу үшін сілтемеге өтіңіз:
Теориялық бөлім
Аминқышқылдары — құрамында амин тобы (-NH₂) және карбоксил тобы (-COOH) бар органикалық заттар. Осыған байланысты олар қосарлы қасиет көрсетеді: әрі қышқыл, әрі негіз бола алады.

- Қышқыл ортада амин тобы протон қабылдап → катион түзеді.
- Сілтілі ортада карбоксил тобы протон беріп → анион түзеді.
Сондықтан аминқышқылдарының ерітінділері амфотерлі болады. Сонымен қатар, аминқышқылдары қыздырғанда ыдырап немесе жанады, себебі құрамында көміртек, сутек және азот бар.
Практикалық бөлім
1-қадам. Глицин ерітіндісін дайындаңыз. Ол үшін келі мен келсаптың көмегімен 10 дана глицин таблеткасын ұнтақтап алыңыз.


2-қадам. Алынған ұнтақты 100 мл жылы суға ерітіңіз.


3-қадам. Ерітіндіні таза стақанға сүзгіден өткізіңіз. Ерітінді дайын.

Индикатормен әрекеттесуі
4-қадам. Ерітіндінің pH мәнін әмбебап индикатор немесе лакмус қағазымен тексеріңіз.
Глицин су ерітіндісінде бейтарап қасиет көрсетеді, өйткені оның карбоксил және амин топтары бір-бірінің қышқылдық және негіздік қасиеттерін өзара теңестіреді (цвиттер-ион түзіледі).


Глициннің амфотерлі қасиеттерін зерттеу
5-қадам. Екі сынауыққа аз мөлшерде ерітінді құйыңыз.

6-қадам. Бірінші сынауыққа бірнеше тамшы сірке қышқылын қосып, pH мәнін тексеріңіз.


7-қадам. Екінші сынауыққа аздап сілті қосып, pH индикаторымен тексеріңіз.
Глицин амфотерлі қасиет көрсетеді: қышқыл ортада негіз сияқты әрекет етеді (амин тобы протонданады), ал сілтілі ортада қышқыл сияқты әрекет етеді (карбоксил тобы диссоциацияланады).


Металл тұздарымен әрекеттесу
8-қадам. Екі таза сынауыққа глицин ерітіндісін құйыңыз.

9-қадам. Бір сынауыққа мыс сульфаты ерітіндісін, екіншісіне темір хлориді ерітіндісін (немесе басқа металл тұздарын) қосыңыз.


10-қадам. Әр сынауыққа 2–3 мл натрий гидроксидін қосып, өзгерістерді бақылаңыз.
Глицин мен темір(III) хлориді қоспасына сілті қосқанда қоңыр тұнба Fe(OH)₃ түзіледі. Ал глицин мен CuSO₄ ерітіндісіне NaOH қосқанда көгілдір түстің күшеюі байқалады, бұл мыс-глицинат кешендерінің түзілуіне байланысты.

Глициннің жануы
11-қадам. Таза сынауыққа глицин ұнтағын салыңыз. Сынауықты абайлап қыздырып, өзгерістерді бақылаңыз.


Қыздырғанда глицин ыдырайды: өзіне тән иісі бар газдар (NH₃, CO₂ және т.б.) бөлінеді, қара көміртекті қақ түзіледі. Оттегінің жеткілікті мөлшерінде глицин жанып, СО₂, Н₂О және N₂ түзеді.


Қорытынды
Аминқышқылдары амфотерлі қасиетке ие: олар қышқылдармен де, сілтілермен де әрекеттесе алады. Қыздырғанда немесе жанғанда газ тәрізді өнімдер және көміртекті қалдық түзіледі. Бұл тәжірибелер аминқышқылдарының ерекше құрылысын және олардың органикалық қосылыстардағы маңызын дәлелдейді.
