Сабақ

video
play-rounded-fill

Жобаның мақсаты:

  • Электр тізбегінің қалай жұмыс істейтінін тәжірибеде көрсету.
  • Ток өткенде зуммердің дыбыс шығаруын және жарық диодтың жануын көрсету.

Пәнаралық байланыс

  • Физика (электр тізбегінің жұмысы, өткізгіш және оқшаулағыш ұғымдары.)
  • Технология (электр тізбегінің схемаларды құрастыру.)
  • Математика (сызбадағы өлшемдерді қолдану.)

Мұғалімге арналған нұсқаулық

Оқушыларды 4-5 адамнан топтарға бөліңіз.

Сабақтың басында ұсынылады:

жобаға деген қызығушылықты ояту үшін бірнеше «жетекші сұрақтар» қойыңыз:

  • Электр тогы қалай қозғалады?
  • Тізбекті тұйықтағанда неге лампа жанады немесе дыбыс шығады?
  • Егер өткізгіш пен өткізбейтін затты пайдалансақ, айырмашылығы қандай болады?

Жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасы ережелері туралы қысқаша нұсқаулық өткізіңіз.

 

Теориялық бөлім 

Электр тогы және тізбек

Электр тогы — зарядталған бөлшектердің реттелген қозғалысы. Кез келген электр тізбегінің негізгі элементтері:

  • Қуат көзі (батарея) — энергия көзі.
  • Өткізгіштер (сымдар) — электр тогын өткізетін жол.
  • Жүктеме (зуммер, LED) — энергияны пайдаланатын құрылғы.
  • Кілт (қосқыш) — тізбекті ашатын және жабатын элемент.

Электр тогы тек тұйық тізбек арқылы қозғалады. Егер сақина қалың сымға тимесе, тізбек ашық, ток жүрмейді, дыбыс пен жарық жоқ. Егер сақина сымға тисе, тізбек тұйықталады да, ток өтеді → зуммер дыбыс шығарады, LED жанады.

Ом заңы

Электр тізбегіндегі ток күші (I), кернеу (V) және кедергі (R) арасындағы байланыс:

I=V/R

Егер кедергі аз болса, ток күші артады → элементтер қызуы мүмкін.

Егер кедергі дұрыс таңдалса, ток шамадан аспайды, LED пен зуммер дұрыс жұмыс істейді.

Зуммер мен жарық диодтың жұмысы

Зуммер электр энергиясын дыбыс энергиясына айналдырады.

LED электр энергиясын жарық энергиясына айналдырады.

Тәжірибелік бөлім

1-қадам. Гофра картоннан қорап дайындаңыз. Біздің жағдайда бұл келесі өлшемдері бар қораб: ұзындығы 30 см, ені 20 см, биіктігі 5 см. Бұл сіздің ойын тақтайшаңыз болады.

2-қадам. Сымнан сақина жасаңыз. Сымның қалған бөлігінен таяқша жасап, электр сымын жалғаңыз. Таяқшаны изолентамен ораңыз. Бұл сіздің «ойын таяғыңыз».

3-қадам. Зуммер, LED және қосқышты қораптың үстіне орнатыңыз. Олардың аяқтарын және таяқшадағы сымды қораптың келесі бетіне өткізіңіз. (жақын етіп орналастырған ыңғайлы). 

4-қадам. Сымдарды жалғаңыз:

Плюс (+) батареядан → қосқыш → LED плюсына → резистор → зуммер плюсына →  жіңішке сым (ойын таяғы).

Минус (-) батареядан → жіңішке сым. Жіңішке сымды қораптың бетіне шығарыңыз.

5-қадам. Батареяны батарея бөліміне салыңыз. Батарея бөлімі мен сымдарды қорапқа желімдеңіз.

6-қадам. Гофра картоннан 20*2,5 см — 6 дана кесіп алыңыз. 3 картоннан 2 баған құрастырыңыз.

 

7-қадам. Қалың сымды қалаған пішінде иіңіз. Оған ойын таяғын кіргізіңіз. Сымды бағанның екі шетіне бекітіңіз. 

8-қадам. Қораптың бетіне шығып тұрған жіңішке сымды бағанның шетіне шығып тұрған сымның біріне орап бекітіңіз. Қажет болса қалың сымның екі жағын ыстық желіммен желімдеңіз. 

Ойын ережесі

Таяқтағы сақинаны қалың сым бойымен басынан аяғына дейін жеткізу керек.

Егер сақина сымға тисе → тізбек жабылып, зуммер дыбыс шығарады және LED жанады. Бұл қателік белгісі.

Мақсат — сымды соңына дейін қателеспей өту.

Қорытынды

Бұл жоба арқылы оқушылар электр тізбегінің қалай жұмыс істейтінін, ток өткенде жарық пен дыбыстың қалай іске қосылатынын тәжірибеде көреді. Ойын түрінде жасалған тәжірибе сабаққа қызығушылық тудырып, оқушыларға әрі көңілді, әрі пайдалы болады.

Бағалау

PBL бойынша бағалау критерийлері:

Problem based learning (проблемалық-бағдарлы оқыту)– бұл шынайы, қызықты және күрделі сұраққа, проблемаға немесе қиындыққа жауап іздеу және жоба бойынша жұмыс істеу арқылы оқушылар білім мен дағдыларды игеретін оқыту әдісі. (сілтеме бойынша өтіңіз)

Жобаны бағалау үшін, оқушыларға осы материалды (PBL rubrics – сілтеме) беріңіз:

– оқушылар қандай критерийлер бойынша дайындалу керектігін алдын ала түсінді,

– оқушылар өз әріптестеріне тиісті баға бере алды.