1-сабақ

Мұғалімге нұсқаулық

— Сабақтың тақырыбы туралы қысқаша айтып беріңіз (кіріспе);
— Оқушыларды 3 топқа бөліңіз;
— Тапсырмалардың орындалуын бақылаңыз;
— Үй тапсырмасына ерекше назар аударыңыз;
— Оқушыларға PBLrubrics беріңіз:
— оқушылар қандай критерийлер бойынша дайындалу керектігін алдын ала түсінуі керек,
— оқушылар өз әріптестеріне тиісті баға бере алуы керек.

Теориялық бөлім

Адам қоршаған әлем туралы ақпараттың көп бөлігін визуалды қабылдау арқылы алады. Көру функциясын сенсорлық орган — көз қамтамасыз етеді. Ал қабақ, кірпік, қас көзді сыртқы зақымданудан қорғайды. Көз жасы көзді құрғап кетудеп сақтап әрқашан сулап тұрады. Сондай-ақ, бұл бет аймағы мимикаға белсенді қатысады. Яғни, адамның эмоцияларын, күйін, сезімдерін жақсы жеткізеді.

Көздің қалай құрылғанын қарастырайық. Біздің көзіміз күрделі оптикалық жүйе. Ол жарық толқындарын бірнеше қабаттардан оптикалық жүйе арқылы қабылдайды және мидың белгілі бір бөлігіне жібереді.

Көз алмасы бірнеше қабықтан тұрады және сфера пішінде болып келеді. Талшықты қабық — склерадан тұратын және қорғаныс және қалыптастыру функцияларын орындайтын сыртқы қабық. Екінші қабық — тамырлы қабықта қанмен қамтамасыз етуге және тамақтануға жауап беретін көптеген тамырлар бар. Ішкі қабық — бұл торлы қабық (сетчатка).

Көздің оптикалық жүйесі көз торында сыртқы әлемнің бейнесін құрайтын жарық сынып өтетін линзалардан тұрады. Ол қасаң қабықтан, көз бұршағынан және шыны тәрізді денеден тұрады, оның артында жарық қабылдайтын торлама орналасқан.

Жарық толқындары көзге түсіп, қасаң қабықтан өтеді. Қасаң қабық — көздің алдыңғы бөлігін жабатын, күмбез тәрізді линза болып келген мөлдір қабық. Ол көздің сыртқы қабығы — склерамен шектеседі.

Қасаң қабақтың артында нұрлы(түсті) қабық орналасқан. Нұрлы қабық — ортасында дөңгелек тесік (қарашық) бар шеңбер түрінде болып келеді. Нұрлы қабық — көздің тамырлы қабығының бөлігі. Ол көзге түсетін жарық мөлшеріне байланымсы бұлшық еттерінің жиырылуы арқылы қарашықтың диаметрін өзгерте алады. Осылайша, көз әртүрлі жарықтылыққа бейімделеді және оған түсетін жарық ағынын реттейді. Көз торына жарық қарашық арқылы түседі. Ал жарық мөлшері оның өлшемімен реттеледі. Жарқын жарықта қарашық тарылып, көзге түсетін жарық мөлшері азайтады, ал аз жарықта қарашық кеңейіп, торламаға көбірек жарық өткізеді.

Қарашықтың артында пішінін өзгерту арқылы қисықтық радиусын өзгерте алатын линза — көз бұршағы орналасқан. Солай адам фокустау арқылы, қашықтықта да, жақын жерде де жақсы көре алады. Көз бұршағының пішіні цилиарлы бұлшықеттермен байланысқан кірпік белдеушелері арқасында жиырылып босаңсу арқылы өзгере алады. Объект жақын болған кезде линза дөңес пішінге қарай өзгереді де жарықты қатты сындырады, ал қашықтыққа назар аудару қажет болған кезде бұлшықеттер босаңсып, линза жазық пішінге қарай өзгереді.

Әрі қарай, көз бұршағының артында шыны тәрізді дене орналасқан. Шыны тәрізді дене — көздің көп бөлігін алатын, көз алмасының пішінін беріп тұрған мөлдір зат.

Жарық шыны тәріздес дене арқылы өткеннен кейін, ол көз торына түседі. Торлама жүйке талшықтарынан және жарыққа сезімтал фоторецепторлардан тұрады. Ол жарық энергиясын жүйке импульсінің электр энергиясына айналдырады және оны көру жүйкесі арқылы миға жібереді. Ал мида сурет талданып, қалыптасады.

Көзді линзалардың оптикалық жүйесі ретінде қарастырып, фотоаппаратпен салыстырып көрейік. Олардың құрылымы мен функциялары ұқсас болып келеді. Жоғарыда айтылғандай, жарық сәулелері қасаң қабық пен көз бұршағынан өтіп, сынады. Фотоаппаратта бұл қызметті объектив атқарады. Жарық өткен кезде қарашық диаметрін рефлексивті түрде өзгертеді және камерадағы диафрагма сияқты жұмыс істейді. Көз бұршағы өлшемін өзгертіп, оптикалық күшін өзгертеді де сол арқылы фотоаппарат сияқты заттарға фокус жаасалады. Нәтижесінде, көз торында шын, төңкерілген, кішірейтілген бейнесі пайда болады. Фотоаппаратта бұл қызметті камера пленкасы атқарады.

Қазір қандай көз аурулары болуы мүмкін екенін қарастырайық. Көз ауруларын және жалпы көздің анатомиясы мен физиологиясын зерттеумен офтальмология ғылымы айналысады. Көру мүшесінің зақымдалуымен байланысты көптеген аурулар бар. Олардың кейбіреулері көздің өзінде пайда болады, ал басқа жағдайларда бұрыннан бар аурулардың асқынуы көру органдарын зақымдауы мүмкін. Көру қабілетінің нашарлауымен байланысты ең көп кездесетін ауру — алыстан көргіштік және жақыннан көргіштік.

Нысаннан 5 метр қашықтықта тұрған адамның көзі тор қабығында емес, оның алдында кескін қалыптастырған кезде, мұндай көру ақауы жақыннан көргіштік(миопия) деп аталады. Яғни, адам алыс нысандарды көре алмайды. Мұндай адам көздерін қысыңқыраған кезде, қарашық тарылып, жарық сәулелерінің шашырауын азайтады және көз сәл жақсырақ көреді.

Қашықтықта тұрған дененің көздегі кескіні:

a – сау көз;

b – жақыннан көргіш көз(миопия);

c – алыстан көргіш көз(гиперопия).

Алыстан көргіштік (гиперопия) — көру қабілетінің ақауы, бұл кезде көздегі заттың бейнесі көз торының артында пайда болады. Бұл жағдайда адам заттарды алыстан гөрі жақыннан нашар көреді. Көбінесе гиперопия адам жасына байланысты, уақыт өте келе линза жұқарақ және серпімдігі азаятындықтан пайда болады.


Алыстан көргіштікке арналған линза

Жақыннан көргіштікке арналған линза

Заманауи хирургияның көмегімен көздің немесе линзаның пішінін өзгерту арқылы гиперопия мен миопияны түзетуге болады. Сондай-ақ, мұндай ақауларды түзету үшін тиісті көзілдіріктер мен линзалар қолданылады. Миопиялық көзге теріс оптикалық күші бар көзілдірік қажет, яғни шашыраңқы линзалар, ал алысты көретін көзге оң оптикалық күші бар линзалар қажет. Ақауы бар көздер қалыпты көрінуі үшін, көздің тор қабығында кескін пайда болатындай етіп линзаларды таңдау керек.

Пайдаланылған медиафайлдар:
<a href=’https://ru.freepik.com/vectors/education’>Education вектор создан(а) brgfx — ru.freepik.com</a>
<a href=»https://ru.freepik.com/vectors/education»>Education вектор создан(а) macrovector — ru.freepik.com</a>

Практикалық бөлім

Көзіміздің қаншалықты жақсы көрінетінін анықтайық. Бір-біріміздің көзімізді тексереміз. Әр топта көру қабілетін тексеруге арналған материалдар бар.

Біздің көздеріміз күн сайын көптеген визуалды жүктемелерге ұшырайтыны белгілі. Бұл компьютерде, смартфонда ұзақ жұмыс істеуге, теледидар алдында демалуға, экологиялық жағдайға, ыңғайсыз жағдайда оқуға және басқа факторларға байланысты. Сондықтан дәрігерге үнемі тексеріліп тұру маңызды.

Ал қазір біз сыныпта көру қабілетімізді тексеріп, ақаулар болса, анықтауға тырысамыз. Алайда, бұл толық тексеруді алмастырмайтынын және диагноз қоя алмайтынымызды түсіну керек, бірақ біз ақау бар-жоғын анықтап, болашақта дәрігерлерге жүгінсек болады.

Сивцевтің кестесі арқылы көру қабілетін қалай тексеруге болады:
— Кестені алыңыз (жүктеу) және 5 метр қашықтықта, оныншы қатар көзге қарама-қарсы болатындай етіп орналастырыңыз;
— PDF файлдарын басып шығару кезінде бетті масштабтау (page Scaling) өшірілуі керек; Басып шығару кезінде қағаз өлшемі = A4 (Letter емес), бағдарлау — Landscape (альбомная);
— Бір көзді қолыңызбен немесе мөлдір емес затпен жабыңыз (көздер босаңсыған, қысылмаған болуы керек);
— 10-қатардағы әріптерден бастаңыз. Егер сіз барлық әріптерді ажыратсаңыз, сіз 100%-ға жақсы көресіз;
— Көрмесеңіз, барлық әріптерді анық көретін жолға дейін жоғары көтеріліңіз;
— Екінші көзді де солай тексеріңіз.

Егер V=0.3–0.6 қатарларында бір қатеден артық емес, ал V>0.7 қатарларында екіден аспайтындай қате жіберілсе, көру өткірлігі толық болып саналады. Сіздің көру қабілетіңіздің көрсеткіші нормадан тыс қателіктер жібермеген жолдардың соңғы қатардағы V әрпінің сандық мәніне тең.

Кейбір адамдар қиындықсыз 11 және 12 жолдардағы әріптерді 5 метр немесе одан да алыс қашықтықтан ажырата алады. Мұндай адамдарда көру өткірлігі өте жоғары 150%, 200%-ға барады. Бұл генетикалық ерекшеліктерге байланысты болып келеді.

Головин кестесі де дәл осындай принцип бойынша жұмыс істейді (жүктеу). Әріптердің орнына мұнда 12 қатар сақиналар орналасқан, олардың әрқайсысы бір жағынан үзілген. Тестілеу кезінде сақинаның қай жағынан үзілгенін анықтау қажет.

Алыстан көргіштік пен жақыннан көргіштікті анықтауға арналған тест.

Келесі сынақ көздегі хроматикалық ауытқуларға және көздің оптикалық ортасында ұзын толқынды сәулелерге (қызыл спектр) қарағанда, қысқа толқынды (жасыл спектр) сәулелер қаттырақ сынатын ерекшелігіне негізделген.

Тест үшін:
— Фоны жасыл және қызыл болып бөлінген кесте бар парақты алыңыз немесе оны экранда ашыңыз (жүктеу);
— 70 см — 1 м қашықтыққа тұрыңыз;
— Егер сіз әдетте көзілдірік немесе линза киетін болсаңыз, тестті әдеттегідей тапсыруыңыз керек;
— Бір көзді жауып, әріптерді оқып көріңіз. Екінші көзді де тексеріңіз.

Егер сіз қызыл фонда әріптерді айқынырақ көрсеңіз, онда миопияның болуы мүмкін, егер жасыл фонда әріптер анығырақ оқылса, онда гиперопияның болуын болжауға болады. Қалыпты көру кезінде көз екі жағынан әріптерді  бірдей анық көреді.

Дальтонизмге сынақ.

Кейбір адамдар қандай да бір түсті дұрыс қабылдамайтындығына күдіктенбеуі де мүмкін. Өзіңізді түс соқырлығына тексеру үшін қазір тез және қарапайым сынақтан өтеміз. Ол үшін:
— Рабкин кестесін алыңыз. (Жүктеу);
— Суреттерге шамамен 1 метр қашықтықтан қараңыз;
— Әр сурет үшін шамамен 5-10 секундты бөлуге болады;
— Көргендеріңізді жазып алыңыз;
— Содан кейін әр суреттің төменгі жағындағы нәтижелерге қараңыз.

Соқыр дақ сынағы.

Біздің әрқайсымызда жарық қабылдамайтын көз торында аймақ бар. Оны соқыр дақ деп атайды. Қарапайым тест арқылы оны табуға тырысайық.
— Тестке арналған қағазды алыңыз (жүктеу);
— Оң көзіңізді қолыңызбен немесе мөлдір емес затпен жабыңыз;
— Бір көзбен шеңбері бар оң жақ крестке қараңыз;
— Баяу, шеңберлі кресттен көз алмастан суреттен жақындап, алыстай бастаңыз;
— Белгілі бір сәтте сол жақтағы крест жоғалып кетеді;
— Енді дәл осылай екінші көзбен екінші парақпен қайталаңыз (жүктеу).

Көз торындың белгілі бір жерінде оптикалық жүйкелер жиналып, миға ақпаратты жеткізу үшін тордан өтетін жер бар. Бұл аймаққа жарық түспейді, сондықтан біз онда крест тұрғанын көрмейміз.

Біз соқыр дағымызды байқамаймыз, өйткені бір көз көрмейтін нәрсені екіншісі көре алады. Осылайша, біздің екі көзіміз бір-бірінің «кемшіліктерін» жабады. Бір көзбен қарасақ, біздің миымыз соқыр дақ орнындағы кескінді, мидың пікірі бойынша біз көруіміз керек кескінмен толықтырады. Сондықтан, мысалы, кресттің орнына сынақ кезінде біз ақ фонды көрдік.