Сабақ
Жұмыстың мақсаты:
- Спирттердің химиялық қасиеттерін зерттеу.
- Бір және көп атомды спирттерге сапалық реакциялар жүргізу.
Күтілетін нәтижелер
Жобаны зерттегеннен кейін оқушылар:
- Топтық жұмыс дағдыларын қалыптастыра алады
- алынған ақпаратты талдай және қорытындылай алады
- өз бетінше логикалық қорытынды жасай алады
Мұғалімге арналған нұсқаулық:
- Тапсырма 2-3 адамнан тұратын топтарда орындалады
- Зертханалық жұмысты бастамас бұрын, сілтеме бойынша қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:
- Жұмыс парағын жүктеп алу үшін сілтемеге өтіңіз:
Теориялық бөлім
Спирттер – құрамында бір немесе бірнеше гидроксил топтары (–OH) болатын органикалық заттар.
- Бір атомды спирттер (мысалы, этанол) – бір –OH тобын қамтиды
- Көп атомды спирттер (мысалы, глицерин) – екі немесе одан да көп –OH топтарына ие.

1. Спирттердің жануы:
Спирттер оттегінің қатысуымен жанып, көмірқышқыл газы мен су түзеді.
Мысалы:

2. Мыс оксидімен реакция:
Мыс металлын қыздырғанда, бетінде CuO қара түсті қабаты түзіледі. Ол этанолмен әрекеттесіп қайтадан мысқа дейін тотықсызданады – бұл бір атомды спиртке тән реакция.
3. Көп атомды спирттер мен мыс иондары:
Глицерин сілтілік ортада Cu²⁺ иондарымен әрекеттесіп, ашық көк түсті комплекс түзеді — бұл көп атомды спирттерге тән сапалық реакция.

Практикалық бөлім
Спирттің жануы
1-қадам. Фарфор тостағанға 5–10 мл этанол құйыңыз. Жанында жанғыш заттар жоқ екеніне көз жеткізіңіз.

2-қадам. Сіріңке арқылы этанолды абайлап тұтатыңыз. Спирттің жалынын бақылаңыз (күндізгі жарықта әлсіз көрінеді).


Бір атомды спирттерге сапалық реакция №1 (мыс оксидімен)
3-қадам. Этанол құйылған ыдысты дайындаңыз. Мыс сымын немесе теңгені пинцетпен ұстаңыз.


4-қадам. Оны қыздырыңыз. Бетінде қара түсті мыс оксиді (CuO) түзіледі.


5-қадам. Қызған мыс сымын немесе теңгені этанолға батырыңыз.

6-қадам. Қара түсті қабат жойылып, мыс қайтадан металл түсін алады.


Бір атомды спирттерге сапалық реакция №2 (Йодоформдық сынама)
7-қадам. Cынауыққа 1 мл этанол құйыңыз.

8-қадам. Оған 2–3 мл йод ерітіндісін қосыңыз.


9-қадам. Тамшылатып NaOH ерітіндісін қосыңыз, әр тамшы қосқан сайын араластырып отырыңыз. Ерітінді сарғыш түске енеді, бұл йодоформның түзілгенін білдіреді.



10-қадам. Сынауықты спирт шамы арқылы немесе су моншасында қыздырыңыз — ерітінді түссізденеді.


11-қадам. Сынауықты салқындатыңыз — сары түсті йодоформ тұнбасы қайтадан түзілгенін байқайсыз.


Көп атомды спирттерге сапалық реакция (глицеринмен)
12-қадам. Сынауыққа 2–3 мл мыс (II) сульфаты (CuSO₄) ерітіндісін құйыңыз.

13-қадам. Бірнеше тамшы NaOH қосыңыз – көгілдір тұнба (Cu(OH)₂) пайда болады.


14-қадам. Бірнеше тамшы глицерин қосып, араластырыңыз. Тұнба еріп, ашық көк түсті мөлдір ерітінді түзіледі — бұл глицериннің көп атомды спирт екенін дәлелдейді.


Қорытынды
Зертханалық жұмыс барысында оқушылар спирттердің қасиеттерін зерттеді.Этанолдың жануы нәтижесінде су мен көмірқышқыл газы түзілетіні байқалды.Этанол мыс оксидін тотықсыздандырды, ал глицерин мыс иондарымен көк түсті кешен түзді. Сондай-ақ, йодоформ реакциясы этанолдың құрамында метилкарбинол тобы бар екенін дәлелдеді — сары тұнба түзілді. Оқушылар сапалық реакциялар арқылы бір және көп атомды спирттерді ажырата алды.
