Сабақ
Жобаның мақсаты:
Балаларға жылдың құрылымын визуалды түрде зерттеуге мүмкіндік беру үшін апта күндерінен, айларынан және сандарынан тұратын күнтізбе жасау.
Мұғалімге нұсқаулық:
- Жобаны жеке немесе жұппен орындауға болады.
- Балаларға күнтізбенің не үшін қажет екенін, оның қандай күндерді, апта мен айларды қамтитынын түсіндіріңіз.
- Қайшымен жұмыс жасағанда қауіпсіздік ережелерін сақтауын қадағалаңыз.
- Сабақтың басында PBL (жобалық оқыту) және 4К дағдыларын (сыни ойлау, ынтымақтастық, шығармашылық және презентация) түсіндіріңіз.
Теориялық бөлім
Уақыттың сиқырлы көмекшілері бар деп елестетіңізші! Олар бізге бүгінгі күнді, айды және аптаның күнін ұмытып кетпеуге көмектеседі. Бұл көмекшілер — Күнтізбе мен оның достары: Күндер, Айлар және Апталар.
- Күндер — уақытты құрайтын кішкентай кірпіштер сияқты. Әр айда әдетте 30 немесе 31 күн болады, ал ақпанда — бар болғаны 28 немесе 29 күн!
- Айлар — жылдың барлық күндері сақталатын 12 үлкен қорап. Мысалы, қаңтар — бірінші қорап, ал желтоқсан — соңғысы.
- Апталар — жеті күннен тұратын команда. Әр аптаның күні өз атауына ие: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі және т.б.
Күнтізбе сиқырлы шеңберге ұқсайды. Ол бізге бүгінгі күннің қандай екенін, қай ай екенін және аптаның қай күні екенін анықтауға көмектеседі. Бұл жоба арқылы сіз уақыттың сиқыршысы болып, өзіңіздің ерекше күнтізбеңізді жасай аласыз!
Тәжірибелік бөлім
1-қадам: Екі үлкен қағаз тәрелкені алыңыз: бірін өзгеріссіз қалдырыңыз — ол айдың күндерін белгілеу үшін қолданылады. Екіншісінің шетін қиып, диаметрін кішірейтіңіз.

2-қадам: Кішкентай қағаз тәрелкеге де солай жасаңыз. Сізде үш түрлі диаметрдегі тәрелке шығуы қажет.

3-қадам: Әр тәрелкенің ортасын тесіп шығыңыз.

4-қадам: Түрлі-түсті қағазға 1-ден 31-ге дейінгі сандарды, айлардың атауларын және аптаның күндерін жазып, қиып алыңыз.


5-қадам: Тәрелкелерді дайындаған соң:
- Бірінші үлкен тәрелкеге 1-ден 31-ге дейінгі сандарды айналдыра жапсырыңыз.
- Екінші кішірек тәрелкеге айлардың атауларын біркелкі орналастырыңыз.
- Ең кішкентайына аптаның күндерін жапсырыңыз.
Табақтарды бірінің үстіне бірін орналастырыңыз: күндер (ең үлкені), айлар (орташа), аптаның күндері (ең кішісі).


6-қадам: Қатты картон қағаздан көрсеткіш(стрелка) жасаңыз.


7-қадам: Ортасына түйреуіш түймесін(брадс) бекітіп, картоннан жасалған көрсеткішті айналатын етіп орнатыңыз.


8-қадам. Өз қалауыңыз бойынша күнтізбені әсемдеңіз.

Қорытынды
Бұл жоба барысында балалар күнтізбе құрудың негіздерімен танысып, қол құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын дамытады. Жоба уақытты, күндер мен айлардың реттілігін зерттеуге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға көмектеседі.

Бұл жобада әр оқушы STEAM атағымен бірнеше санат бойынша марапатталады:
- Жас инженер: Күнтізбе құрастыру әдістерін үйрендіңіз және қолдандыңыз.
- Зерттеуші математик: Сандар, күндер мен айлардың реттілігін зерттеп, аналитикалық ойлау қабілетіңізді дамыттыңыз.
