Сабақ
Жұмыстың мақсаты:
- Тағам өнімдеріндегі ақуыздың бар-жоғын анықтау үшін сапалық реакция жүргізу.
Күтілетін нәтижелер
Жобаны зерттегеннен кейін оқушылар:
- Топтық жұмыс дағдыларын қалыптастыра алады
- алынған ақпаратты талдай және қорытындылай алады
- өз бетінше логикалық қорытынды жасай алады
Мұғалімге арналған нұсқаулық:
- Тапсырма адамнан тұратын топтарда орындалады
- Зертханалық жұмысты бастамас бұрын, сілтеме бойынша қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:
- Жұмыс парағын жүктеп алу үшін сілтемеге өтіңіз:
Теориялық бөлім
Ақуыздар – тірі ағзалар құрамында болатын негізгі органикалық қосылыстардың бірі. Олар ағзада құрылымдық, ферменттік, қорғаныс, тасымалдау секілді маңызды қызметтерді атқарады.
Ақуыз молекулалары аминқышқылдарынан құралып, ұзын тізбекті құрылым түзеді. Олардың құрылысы мен химиялық құрамы ақуыздың қызметі мен қасиетін айқындайды.
Ақуыздар қайда кездеседі?
Ақуыздар адам мен жануарлардың бұлшық етінде, терісінде, қанында, сондай-ақ өсімдіктердің де әртүрлі мүшелерінде кездеседі.
Адам ағзасы ақуызды тағам арқылы қабылдайды: мысалы, ет, сүт, жұмыртқа, бұршақ тұқымдастар, дәнді дақылдар, кейбір көкөністер мен саңырауқұлақтар – барлығы ақуызға бай.
Алайда бұл өнімдерде ақуыз бар екенін қалай нақты анықтауға болады?
Ақуыздарды анықтау жолдары:
Ақуыздың бар-жоғын тексеру үшін бірнеше сапалық реакциялар қолданылады. Бұл зертханалық жұмыста екі негізгі әдіс қарастырылады:

1. Биурет реакциясы
Бұл – ақуызды анықтауға арналған кең таралған тест. Егер зерттеліп жатқан үлгіге Биурет ерітіндісі (мыс сульфаты мен натрий гидроксиді қоспасы) қосылса, күлгін немесе қою күлгін түске боялады. Түсінің қанықтығы ақуыз мөлшеріне байланысты.
Бұл реакция қалай жұмыс істейді?
Мыс иондары (Cu²⁺) ақуыздардағы пептидтік байланыстармен әрекеттесіп, түсі өзгеретін кешен түзеді.
2. Ксантопротеин реакциясы
Бұл әдіс ароматты аминқышқылдарды (мысалы, тирозин мен триптофан) анықтауға мүмкіндік береді. Егер ерітіндіге концентрлі азот қышқылы қосылып қыздырылса – сары түске, ал кейін сілті қосылса – қызғылт-сары түске өзгереді. Бұл – ароматты сақиналардың нитрациясы нәтижесінде болады.

Қайда қолданылады?
- Медицинада – ақуыздарды анықтау арқылы қан талдаулары мен ауруларды анықтауда
- Тағам өнеркәсібінде – өнім құрамының сапасын бағалау үшін
- Биологияда – өсімдік және жануар ұлпаларын зерттеу мақсатында
- Мектеп зертханаларында – химиялық әдістердің тірі ағзаларды зерттеуге қалай көмектесетінін көрсету үшін



Практикалық бөлім
1-қадам. Үш сынауыққа жеке-жеке су (бақылау үшін), сүт және жұмыртқа ағын құйыңыз.

2-қадам. Биурет реакциясын өткізу үшін: мыс купоросы ерітіндісіне натрий гидроксидін қосып, Биурет ерітіндісін дайындаңыз.


3-қадам. Әр сынауыққа 2–3 мл Биурет ерітіндісін құйыңыз. Қажет болса, тағы бір екі тамшы сілті қосыңыз. Сынауықтарды сілкіп, ерітіндінің түсіндегі өзгерістерді бақылаңыз. Жұмыс парағына жазып алыңыз. Қай сынауықта ақуыз бар екені анықталды?



4-қадам. Келесі сапалық реакция – ксантопротеин реакциясы. Жұмыртқа ағы бар сынауыққа бірнеше тамшы концентрлі азот қышқылын (HNO₃) қосыңыз.
⚠️ Қышқылмен жұмыс істегенде сақ болыңыз! Қолғап киіп, жақсы желдетілетін жерде немесе тартпа шкаф астында жұмыс жасаңыз.


5-қадам. Ақуыз концентрациясының өзгергенін бақылаңыз.

6-қадам. Шамды жағып, сынауықты абайлап қыздырыңыз. Түс өзгерістерін бақылаңыз.


7-қадам. Сынауықты суытып, сілті (NaOH немесе аммиак ерітіндісі) қосыңыз.


8-қадам. Қандай өзгерістер болды? Жұмыс парағына жазыңыз және қорытынды жасаңыз.


Қорытынды
Оқушылар осы зертханалық жұмыста әртүрлі биологиялық үлгілердегі (сүт, желатин, жұмыртқа ағы) ақуызды анықтау үшін сапалық реакциялар жасады. Олар биурет және ксантопротеин реакцияларын орындап, ерітінді түсінің өзгерістерін бақылады және ақуыздың бар екенін анықтауды үйренді.
