Сабақ
Жұмыстың мақсаты:
- Микрофотосуреттерді қолдана отырып жасушаның негізгі компоненттерін зерттеу
Күтілетін нәтижелер
Жобаны зерттегеннен кейін оқушылар:
- Топтық жұмыс дағдыларын қалыптастыра алады
- алынған ақпаратты талдай және қорытындылай алады
- өз бетінше логикалық қорытынды жасай алады
Мұғалімге арналған нұсқаулық:
- Тапсырма 3-4 адамнан тұратын топтарда орындалады
- Зертханалық жұмысты бастамас бұрын, сілтеме бойынша қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:
- Жұмыс парағын жүктеп алу үшін сілтемеге өтіңіз:
Теориялық бөлім

Жасуша — тірі ағзаның негізгі құрылымдық және функционалдық бірлігі. Барлық тірі ағзалар жасушалардан тұрады, және дәл осы жерде тіршілікті қамтамасыз ететін маңызды процестер жүреді.
Жасуша үш негізгі бөлікке бөлінеді:
- Плазмалық мембрана — жасушаны сыртқы ортадан бөледі және зат алмасуды реттейді. Ол жартылай өткізгіш: қажетті заттарды ғана өткізеді және алмасу өнімдерін шығарады. Мембранада сигналдарды қабылдап, жеткізетін рецепторлық ақуыздар орналасқан.
- Цитоплазма — жартылай сұйық орта, онда органоидтар орналасқан және негізгі биохимиялық реакциялар жүреді.
- Ядро — ДНҚ молекулаларында генетикалық ақпаратты сақтап, жасушадағы барлық процестерді басқарады.
Жасушаның негізгі органоидтары және олардың қызметтері
- Ядро
Жасушаның «басқару орталығы». ДНҚ мен ақуыздардан құралған хромосомаларды қамтиды. Онда тұқым қуалайтын ақпарат сақталып, ағзаның құрылымы мен қызметі анықталады. Ядро жасушаның бөлінуін, өсуін және зат алмасуын реттейді. - Ядрошық
Ядро ішінде орналасқан. Негізгі қызметі — рибосомалық РНҚ синтездеу және рибосомалардың кіші бөліктерін құрастыру. - Рибосомалар
РНҚ мен ақуыздан тұратын ұсақ мембранасыз органоидтар. Цитоплазмада еркін орналасуы немесе түйіршікті эндоплазмалық торға бекітілуі мүмкін. Негізгі қызметі — ақуыз синтезі. - Эндоплазмалық тор (ЭПТ)
Ядро қабықшасымен байланысқан мембраналық түтікшелер мен каналдар жүйесі.
- Түйіршікті (қатпарлы) ЭПТ — бетінде рибосомалар бар, мұнда ақуыздар синтезделіп, Гольджи аппаратына жеткізіледі.
- Түйіршіксіз (тегіс) ЭПТ — рибосомалар жоқ, липидтер мен көмірсулар синтезделеді және уытсыздандыру жүреді.
- Гольджи аппараты
Жалпақ мембраналық қапшықтардан (цистерналардан) тұрады. Қызметтері:- ЭПТ-дан келген ақуыздар мен липидтерді сұрыптап, өзгерту;
- заттарды везикулаларға орау;
- лизосомаларды түзу.
Сондықтан оны «жасушаның поштасы» деп атайды.
- Митохондриялар
Қос мембраналы органоидтар. «Жасушаның энергия станциясы» деп аталады. Мұнда тыныс алу процесі жүріп, нәтижесінде АТФ молекулалары түзіледі. Энергияға сұранысы жоғары жасушаларда митохондрия көп болады. - Лизосомалар
Ферменттері бар көпіршіктер. Олар қажетсіз молекулаларды ыдыратып, зақымдалған органоидтарды және бөгде микроағзаларды жояды. Жасушаның «тазалаушысы» болып саналады. - Везикулалар
Мембранамен қапталған ұсақ көпіршіктер. Олар заттарды жасуша ішінде тасымалдайды және секреция процесіне қатысады (заттарды сыртқа шығару). - Цитоқаңқа
Микротүтікшелер мен микрофиламенттерден тұрады. Жасуша пішінін сақтайды, органоидтардың қозғалуына мүмкіндік береді және жасуша бөлінуінде маңызды рөл атқарады.
Практикалық бөлім
1-қадам. Алдымен теориялық бөлімді жақсылап оқып шығыңыз.
2-қадам. Жұмыс парағында берілген 1-тапсырманы орындаңыз.
3-қадам. Енді берілген микрофотосуреттерді бақылап, зерттеңіз. Суретте қай органоид берілген? Оның жасушадағы басты қызметі қандай? Суретте оған көршілес жатқан жасуша құрылымдарын атаңыз.


4-қадам. А3 парағына жасушаның қаңқасын бейнелеңіз.

5-қадам. Берілген органоидтардың суретін қиып алыңыз.

6-қадам. Енді алған білімдеріңізге сәйкес, органоидтарды цитоплазмаға орналастырыңыз.

7-қадам. Қосымша ұсақ компоненттерді (рибосомалар, лизосомалар, везикулалар, микротүтікшелер) салыңыз.

Қорытынды
Бұл жұмысты орындау барысында оқушылар микрофотосуреттерді пайдаланып, жасушаның негізгі органоидтарын анықтап, олардың қызметін сипаттауды үйренді. Жұмыс жасуша құрылысы туралы білімдерін тереңдетті, суреттерді талдау дағдыларын дамытты және жасушаның органоидтары өзара үйлесімді әрекет ететін күрделі жүйе екенін түсінуге көмектесті.
