Сабақ
Жұмыстың мақсаты
- қоспалардың түрлерін және оларды бөлу тәсілдерін білу
- қоспаларды бөлу экспериментін жоспарлай және жүргізе білу
Мұғалімге арналған нұсқаулық
- Зертханалық тәжірибенің практикалық бөлімін бастамас бұрын оқушыларды қауіпсіздік техникасымен және зертханалық ыдыстармен таныстырыңыз
- Оқушыларды зертханалық жұмыстың теориялық және практикалық бөлігімен таныстырыңыз
- Оқушыларға тәжірибе жүргізу үшін барлық қажетті материалдарды таныстырыңыз және көрсетіңіз
- Оқушылар зертханалық жұмыстарға арналған дәптерлерді (журналдар, қағаз парақтары) алдын ала дайындауы керек. Оқушылар деректерді, зерттеу нәтижелерін және бақылауларын жазады (оқу жылына бір дәптер ұсынылады)
Зертханалық жұмыс туралы есеп
Зертханалық жұмысты орындау кезінде әр оқушы жұмыс туралы есеп жазады. Жазбалар жұмысты, қолданылатын құрылғылар мен реактивтерді қысқаша және қисынды сипаттайтындай етіп жүргізілуі керек. Есепте мыналар көрсетілуі керек.
- Жұмыстың атауы және оны орындау күні.
- Жалпы жұмыстың және әрбір жеке тәжірибенің мақсаты.
- Қолданылған құрылғы схемасы және оның сипаттамасы (бар болса).
- Жұмысты орындау тәртібі (жұмыс барысы).
- Тәжірибе кезіндегі Химиялық реакциялар.
- Тәжірибелік деректер жазылған кесте.
- Қажет болған жағдайда есептеулер мен графиктер.
- Қорытындылар.
Әр оқушының зертханалық жұмыстарға арналған журналы (дәптері) болуы ұсынылады.Қажет болса, мұғалім әр сабақта оқушыларға зертханалық тәжірибелер туралы есепті сілтеме бойынша өтіп, басып шығара алады Зертханалық жұмыс туралы есеп
Теориялық бөлім
Ластанған ас тұзын тазарту
Өткен сабақтан сіз заттардың екі түрі бар екенін білесіз – таза зат және қоспалар.
Бүгін біз қоспаны бөлу жолдарын қарастырамыз.
Енді біз қоспаның екі немесе бірнеше түрлі заттарды араластырудың нәтижесі екенін білеміз.
Қоспаларға ерітінділер, қорытпалар және газдар қоспасы жатады.
Қоспалар біртекті-гомогенді және әртекті – гетерогенді болып жіктеледі
Қоспалардан таза заттарды бөліп алу – химия мен қазіргі заманғы өнеркәсіптің маңызды бөлігі болып табылады.
Сонымен, Қоспаларды таза зат алғанға дейін бөлудің әртүрлі тәсілдері бар.
Ол үшін қоспаның табиғатын анықтау қажет: яғни гетерогенді немесе гомогенді екенін ажыратып алу керек
Практикалық бөлім
Табиғатта өндірілетін тұз әдетте ластанған. Оны тазарту әдісін түсіну үшін біз тәжірибе жасаймыз.
Ас қасық ас тұзын құммен араластырыңыз.
Ластанған ас тұзын тазарту.
Сізде тұз бен құмның гетерогенді қоспасы бар делік.

Құм суда ерімейтіні белгілі, ал тұздың суда ерігіштік қасиеті бар екенін білеміз
1-қадам. Алдымен дистилденген суды қоспа, яғни ластанған ас тұзы бар стаканға құю керек.

2-қадам. Жақсылап араластыру қажет.
Не байқадыңыз? Тұз суда толығымен ериді, ал түбінде құм қалды.


3-қадам. Содан кейін стакандағы қоспаның ерітіндісін сүзу керек.
Ол үшін сүзгі қағазын, құйғы және стакан немесе колбаны пайдаланыңыз.
Ерітіндіні сүзіңіз:

Не байқадыңыз?
Нәтижесінде біртекті қоспаны алдық, яғни ас тұзының ерітіндісі. Ал сүзгі қағазында құм шөгіндісі қалды

4-қадам. Енді алынған мөлдір ерітінді-фильтратты фарфордан жасалған кәрлен табақшаға құйыңыз. Жылыту құрылғыларының көмегімен кристалдану процесін жасаңыз.

5-қадам. Су буланып кетеді. Шыныаяқтың түбінде кристалдар түрінде ас тұзы пайда болады. Нәтижесінде біз NaCl (натрий хлориді) формуласы бар таза зат аламыз.


Осылайша, ас тұзын тазарту процесінде СҮЗУ және БУЛАНДЫРУ сияқты қоспаларды бөлудің екі әдісін қолдандыңыз.
Жұмыс дәптеріңізге қорытынды жасаңыз:
Қорытынды
Бұл зертханалық жұмыста оқушылар қоспаны бөлу әдістерімен танысты. Сондай-ақ ластанған ас тұзы тазартылды.
