Сабақ
Жобаның мақсаты
- Оқушыларға температура мен жылу энергиясының физикалық ұғымдарын және олардың айырмашылығын түсіндіру.
- Ауа салқындатқыш моделін құрастыру және ауаның кіреберіс пен шығаберістегі күйін талдау.
- Оқушылардың инженерлік-конструкторлық дағдыларын дамыту.
Мұғалімге арналған нұсқаулық
- Жобаны орындау үшін әр топта 4-5 оқушыдан болатындай етіп бөліңіз.
- Тәжірибені бастамас бұрын оқушылардың энергия, жылу және температура ұғымдарымен таныс екеніне көз жеткізіңіз.
- Тәжірибелік бөлімді бастамас бұрын оқушыларды барлық қажетті материалдармен таныстырып, қамтамасыз етіңіз.
- Кеңсе пышағымен және ыстық желіммен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасы ережелері туралы қатаң нұсқаулық өткізіңіз.
STEAM сабақтарындағы қауіпсіздік ережелері .pdf - Сабақтың басында оқушыларға PBL (project based learning) айдарын түсіндіріңіз. 4К дағдылары (сыни тұрғыдан ойлау, коллаборация, креативтілік, презентация).
Теориялық бөлім
Температура және жылу энергиясы: айырмашылығы неде?
Көптеген адамдар «температура» мен «жылу энергиясын» бірдей ұғым деп ойлайды, бірақ ғылымда олар екі түрлі нәрсе. Температура — бұл заттың ішіндегі бөлшектердің орташа қозғалыс жылдамдығы (кинетикалық энергиясы). Ол градуспен (Цельсий) өлшенеді.
Ал жылу энергиясы — бұл заттың ішіндегі барлық бөлшектердің жалпы энергиясы. Ол бөлшектердің жылдамдығына ғана емес, олардың санына (массасына) да байланысты! Мысалы, бір стақан ыстық су мен үлкен мұхитты салыстырсақ: стақандағы судың температурасы жоғары болуы мүмкін, бірақ мұхитта бөлшектер өте көп болғандықтан, оның жалпы жылу энергиясы әлдеқайда көп.
Салқындатқыш қалай жұмыс істейді?
Біздің құрылғымызда жылы бөлме ауасы мұздың үстінен өтеді. Ауадағы бөлшектер өздерінің жылу энергиясын мұзға береді (бұл мұздың еруіне әкеледі). Жылу энергиясын жоғалтқандықтан, ауа бөлшектерінің орташа қозғалыс жылдамдығы төмендейді — демек, ауаның температурасы төмендеп, соплодан салқын ауа шығады!
Тәжірибелік бөлім
Қадам 1. Банканың пластик қақпағына ауа кіретіндей тесіктер жасаңыз.

Қадам 2. Кеңсе пышағының көмегімен үлкен пластик ыдыстың (банканың) бүйірінен 300 мл бөтелкенің диаметріне сәйкес келетін дөңгелек тесік кесіңіз.

Қадам 3. Пластик бөтелкені ортасынан кесіп алып, банканың бүйіріндегі тесікке кіргізіңіз. Бұл салқын ауа шығатын тесік болады. Саңылауларды ыстық желіммен мұқият бекітіп, герметизациялаңыз.

Қадам 4. Банканың пластик қақпағының ортасындағы тесікке тұрақты тоқ қозғалтқышын желімдеңіз, оның осі (пропеллер кигізілетін жері) ішке қарап тұруы керек.

Қадам 5. Электр тізбегін жинаңыз: қозғалтқыштың қуат беру орындарына папа-папа сымдарды кіргізіп желімдеңіз. Мотордың бір сымын ажыратқышқа, екінші сымын батарейка клемма-коннекторына қосыңыз. Коннектордың екінші сымын ажыратқыштың бос ұшына жалғаңыз.

Қадам 6. Пропеллерді орнатыңыз. Қақпақты мықтап жабыңыз. Ажыратқыш пен 9В батареяны ыдыстың сыртына желімдеңіз. Клемманы батареяға қосыңыз.

Қадам 7. Ажыратқышты басып, құрылғыны іске қосыңыз.

Қадам 8. Ыдыстың ішіне мұз кесектерін салыңыз. Жоғарғы жақтан кірген бөлме ауасы мұзға соғылып, жылуын беріп, бүйірдегі тесік арқылы салқын ауа болып шыққанын бақылаңыз.

Қорытынды
Бұл тәжірибе барысында біз қарапайым материалдардан ауа салқындатқыш құрастырдық. Бұл оқушыларға термодинамика негіздерін көзбен көруге мүмкіндік беретін қызықты жоба.
Тәжірибе көрсеткендей, жылы ауа өзінің жылу энергиясын мұзға берген кезде, ауаның температурасы төмендейді. Кіреберістегі жоғары жылу энергиясы бар ауа шығаберісте салқындап шығады.
Бұл құрылғы энергияның бір денеден екінші денеге қалай берілетінін тамаша дәлелдейді.
Бұл жобада әр оқушыға бірнеше санат бойынша STEAM атағы беріледі:
- Сіз өз қолыңызбен жұмыс істейтін механизм құрастырдыңыз,
Сіз — Инженер-конструкторсыз! - Сіз жылу энергиясы мен температураның айырмашылығын тәжірибе арқылы дәлелдедіңіз,
Сіз — Физик-экспериментаторсыз!
Бағалау
