8 сынып. 8 лаб. Сабақ
Зертханалық жұмыстың тақырыбы: Тұрақты магниттің қасиетін зерттеу, магнит өрістерінің бейнесін алу
Жұмыстың мақсаты:
- Магниттердің әртүрлі заттармен өзара әрекеттесуін зерттеу;
- Тәжірибе арқылы магнит полюстерінің бар екендігіне көз жеткізу, аттас және әр аттас полюстердің өзара әрекеттесуін тексеру;
- Таға тәрізді магнит тудырған магнит өрістерінің күш сызықтарын зерттеу. Күш сызықтары арқылы магнит өрісін графикалық түрде бейнелеу.
Күтілетін нәтижелер:
- Әртүрлі қасиеттердегі заттар магниттік қасиеттеріне байланысты магнит өрісіне әртүрлі әрекет етеді;
- Магниттердің аттас полюстері бір-бірінен тебіледі, әр аттас полюстері тартылады;
- Күш сызықтары шығатын магниттің ұшы магниттің солтүстік полюсі, ал күш сызықтары енетін қарсы жақтағы ұшы магниттің оңтүстік полюсі деп аталады.
Мұғалімге арналған нұсқаулық:
- Оқушыларды әр топта 3 оқушыдан болатындай етіп бөлу.
- Зертханалық жұмысты бастамас бұрын қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:
- Жұмыс парағын жүктеп алу үшін мына сілтеме бойынша өтіңіз:
Теориялық бөлім
Әртүрлі заттардың магниттік қасиеттерін зерттеу заттарға магнит өрісінің түрліше әсер ететінін көрсетті.
Ферромагнетиктер — сыртқы магнит өрісін анағұрлым күшейтетін заттар.
Магнит өрісін шамалы ғана күшейтетін заттар парамагнетиктер деп, шамалы ғана әлсірететін заттар — диамагнетиктер деп аталады.
Дереккөздер:
- Тұрақты магниттер, магнит өрісі. (2018). Физика. Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық.
Практикалық бөлім
Тәжірибе 1. Тұрақты магниттің қасиеттерін зерттеу.
Жұмыс барысы:
1-қадам.
Металдан және басқа заттардан жасалған ұсақ бұйымдарды ақ қағаз бетіне шашыңдар. Магнитті бұйымдарға жақындатыңдар. Өткізілген тәжірибе туралы есеп жасағанда қандай заттар магнитке тартылатынын, қандай заттар тартылмайтынын көрсетіңдер.

2-қадам.
Темір үгінділерге магнитті жақындатыңдар, таға тәріздес магниттің полюстерінің орналасуын анықтаңдар.

3-қадам.
Магниттердің аттас полюстері тебілетініне, ал әр аттастар тартылатынына көз жеткізіңдер. Магнитті магнит тілшенің солтүстік полюсіне, содан кейін магниттің полюстерін өзгертпей, оңтүстік полюсіне жақындатыңдар.

4-қадам.
Магнитке ұсақ шегелерден тізбек іліңдер. Жоғарыда тұрған шегені ұстап, магнитті алып тастаңдар. Қорытынды жасаңыз.

Тәжірибе 2. Магнит өрістерінің бейнесін алу.
Жұмыс барысы:
1-қадам.
Таға тәріздес магнитті үстелге қойып, бетін қағазбен жабыңдар. Қағазға темір үгінділері бар қорапты қойып, дәптерге алынған күш сызықтарының суретін салыңдар.

2-қадам. Қорытынды жасаңыз.
Зерттеу бөлімі
Қорытынды жасау барысында, осы сұрақтарға жауап беріңіз:
- Бірінші тәжірибеде, неліктен шегелер тізбегі магнитті алып тастаған соң бірден шашылып кетпейді?
- Магниттелген дененің магниттелмеген денеден айырмашылығы қандай?
- Темірді магниттеу үшін не істеу керек?
- Магнит өрісінің күш сызықтарының қандай қасиеттері бар?
Қорытынды
Әртүрлі қасиеттердегі заттар магниттік қасиеттеріне байланысты магнит өрісіне әртүрлі әрекет етеді. Магниттердің аттас полюстері бір-бірінен тебіледі, әр аттас полюстері тартылады. Күш сызықтары шығатын магниттің ұшы магниттің солтүстік полюсі, ал күш сызықтары енетін қарсы жақтағы ұшы магниттің оңтүстік полюсі деп аталады.
