8 сынып. 8 лаб. Сабақ

Зертханалық жұмыстың тақырыбы: Тұрақты магниттің қасиетін зерттеу, магнит өрістерінің бейнесін алу

Жұмыстың мақсаты

  • Магниттердің әртүрлі заттармен өзара әрекеттесуін зерттеу;
  • Тәжірибе арқылы магнит полюстерінің бар екендігіне көз жеткізу, аттас және әр аттас полюстердің өзара әрекеттесуін тексеру;
  • Таға тәрізді магнит тудырған магнит өрістерінің күш сызықтарын зерттеу. Күш сызықтары арқылы магнит өрісін графикалық түрде бейнелеу.

Күтілетін нәтижелер:

  • Әртүрлі қасиеттердегі заттар магниттік қасиеттеріне байланысты магнит өрісіне әртүрлі әрекет етеді;
  • Магниттердің аттас полюстері бір-бірінен тебіледі, әр аттас полюстері тартылады;
  • Күш сызықтары шығатын магниттің ұшы магниттің солтүстік полюсі, ал күш сызықтары енетін қарсы жақтағы ұшы магниттің оңтүстік полюсі деп аталады.

Мұғалімге арналған нұсқаулық:

  • Оқушыларды әр топта 3 оқушыдан болатындай етіп бөлу.
  • Зертханалық жұмысты бастамас бұрын қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:
  • Жұмыс парағын жүктеп алу үшін мына сілтеме бойынша өтіңіз:

Теориялық бөлім

Әртүрлі заттардың магниттік қасиеттерін зерттеу заттарға магнит өрісінің түрліше әсер ететінін көрсетті.  

Ферромагнетиктер — сыртқы магнит өрісін анағұрлым күшейтетін заттар.

Магнит өрісін шамалы ғана күшейтетін заттар парамагнетиктер деп, шамалы ғана әлсірететін заттар — диамагнетиктер деп аталады.

Дереккөздер:

  1. Тұрақты магниттер, магнит өрісі. (2018). Физика. Жалпы білім беретін  мектептің 8-сыныбына арналған оқулық.

Практикалық бөлім

Тәжірибе 1. Тұрақты магниттің қасиеттерін зерттеу.  

Жұмыс барысы:  

1-қадам. 

Металдан және басқа заттардан жасалған ұсақ бұйымдарды ақ қағаз бетіне шашыңдар. Магнитті бұйымдарға жақындатыңдар. Өткізілген тәжірибе туралы есеп жасағанда қандай заттар магнитке тартылатынын, қандай заттар тартылмайтынын көрсетіңдер. 

2-қадам. 

Темір үгінділерге магнитті жақындатыңдар, таға тәріздес магниттің полюстерінің орналасуын анықтаңдар.

3-қадам. 

Магниттердің аттас полюстері тебілетініне, ал әр аттастар тартылатынына көз жеткізіңдер. Магнитті магнит тілшенің солтүстік полюсіне, содан кейін магниттің полюстерін өзгертпей, оңтүстік полюсіне жақындатыңдар.

4-қадам. 

Магнитке ұсақ шегелерден тізбек іліңдер. Жоғарыда тұрған шегені ұстап, магнитті алып тастаңдар. Қорытынды жасаңыз. 

Тәжірибе 2. Магнит өрістерінің бейнесін алу. 

Жұмыс барысы:  

1-қадам. 

Таға тәріздес магнитті үстелге қойып, бетін қағазбен жабыңдар. Қағазға темір үгінділері бар қорапты қойып, дәптерге алынған күш сызықтарының суретін салыңдар.

2-қадам. Қорытынды жасаңыз.

Зерттеу бөлімі

Қорытынды жасау барысында, осы сұрақтарға жауап беріңіз:

  • Бірінші тәжірибеде, неліктен шегелер тізбегі магнитті алып тастаған соң бірден шашылып кетпейді?
  • Магниттелген дененің магниттелмеген денеден айырмашылығы қандай? 
  • Темірді магниттеу үшін не істеу керек?
  • Магнит өрісінің күш сызықтарының қандай қасиеттері бар?

Қорытынды

Әртүрлі қасиеттердегі заттар магниттік қасиеттеріне байланысты магнит өрісіне әртүрлі әрекет етеді. Магниттердің аттас полюстері бір-бірінен тебіледі, әр аттас полюстері тартылады. Күш сызықтары шығатын магниттің ұшы магниттің солтүстік полюсі, ал күш сызықтары енетін қарсы жақтағы ұшы магниттің оңтүстік полюсі деп аталады.