Сабақ

video
play-rounded-fill

Жұмыстың мақсаты:

— тәжірибе арқылы фотосинтез үрдісінің жүруіне қажетті факторларды зерттеу

Күтілетін нәтижелер

Жобаны зерттегеннен кейін студенттер:

  • Топтық жұмыс дағдыларын қалыптастыра алады
  •  алынған ақпаратты талдай және қорытындылай алады
  •  өз бетінше логикалық қорытынды жасай алады

Мұғалімге арналған нұсқаулық:

  • Тапсырма  3-4 адамнан тұратын топтарда орындалады
  • Пышақпен жұмыс істеу аса сақтықты талап етеді
  • Зертханалық жұмысты бастамас бұрын, сілтеме бойынша қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз:

Жұмыс парағын жүктеп алу үшін сілтемеге өтіңіз:

Теориялық бөлім

Фотосинтез — жасыл өсімдіктер мен кейбір басқа организмдердің көмірқышқыл газы мен суды глюкоза мен оттегіге айналдыру үшін жарық энергиясын пайдалану үрдісі.

Фотосинтездің жылдамдығы мен тиімділігін арттыратын жағдайларды фотосинтездің шектеуші факторлары деп атайды. Фотосинтез үдерісі жүзеге асуы үшін қандай сыртқы факторлар қажет? Ең алдымен бұл жарық, су және көмірқышқыл газы.

Фотосинтезге әсер етуші сыртқы факторлар

Өсімдіктер фотосинтез үшін жарық энергиясын пайдаланады. Үрдістің басталуы үшін белгілі бір жарық деңгейі қажет. Жарық энергиясын өсімдік хлоропласттарында кездесетін  хлорофилл пигменті сіңіреді. Жарықтың қарқындылығы мен сапасы фотосинтез жылдамдығына әсер етуі мүмкін.
Өсімдіктерге фотосинтез үшін көмірқышқыл газы да қажет. Атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейі әртүрлі болуы мүмкін және оның болуы фотосинтез жылдамдығына әсер етеді.
Әр өсімдік үшін оңтайлы температура әртүрлі болуы мүмкін , бірақ жалпы алғанда тым төмен немесе тым жоғары температура фотосинтез процесін бәсеңдетуі немесе тіпті тоқтатуы мүмкін.
Өсімдіктерде фотосинтез жүруі үшін су қажет. Су тек сутегі мен электрондардың көзі ретінде ғана емес, сонымен қатар фотосинтезге қажетті заттарды тамырдан жапырақтарға дейін тасымалдау қызметін атқарады. Судың жетіспеушілігі фотосинтез жылдамдығын төмендетуі мүмкін.
Өсімдіктер өсуі үшін азот, фосфор және калий сияқты белгілі бір қоректік заттарды қажет етеді. Қоректік заттардың жетіспеушілігі өсімдіктердің фотосинтездеу қабілетін төмендетуі мүмкін

Дереккөздер:

  1. 11 сынып Биология 1 бөлім 11 тақырып – Атамұра (atamuraweb.kz)
  2. Фотосинтез туралы қазақша мәлімет (ikaz.kz)
  3. <a href=»https://ru.freepik.com/free-vector/diagram-showing-process-of-photosynthesis-in-plant_20498775.htm#query=%D1%84%D0%BE%D1%82%D0%BE%D1%81%D0%B8%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B7&position=2&from_view=search&track=sph«>Изображение от brgfx</a> на Freepik

Практикалық бөлім

Бұл тәжірибеде: Hydrilla, Elodea, Chara  секілді тұқымдастарға жататын су өсімдіктерін пайдалану ұсынылады. 

1-қадам. Ең алдымен, шыны стақанды сумен толтырыңыз және 1 ас қасық ас содасын қосыңыз.

2-қадам. Воронкаға балдырды орналастырыңыз

3-қадам. Енді балдыр ішінде орналасатындай етіп воронканы су түбіне бекітеміз.

4-қадам. Сынауықты бетіне дейін сумен толтырып, воронканың түтік жағына кигіземіз. Сынауық ішіндегі су арқылы оттегі көпіршіктерін бақылайтын боламыз.

5-қадам. Үстел шамын қосыңыз. 

Зерттеу бөлімі

Ендігі кезекте жарықтың фотосинтез қарқындылығына әсерін анықтау үшін үстел шамын өсімдіктен әртүрлі қашықтықта орналастыра отырып, 1 минутта қанша ауа көпіршігі бөлінетінін есептейміз. Ол үшін шамды шыны стақаннан алдымен 5 см, кейін 10,15,20,25 см қашықтықта орналастырамыз. Қашықтықты дәл өлшеу үшін стақан мен шам арасына сызғыш қоямыз. Уақытты есептеуде таймерді пайдаланамыз.

Алынған сандық деректер статистикалық тұрғыда нақты болуы үшін тәжірибені 3 рет қайталаңыз.

Нәтижелерді төмендегі кестеге енгізіңіз:

өсімдік пен жарық арақашықтығы, см1 минутта бөлінген О2 көпіршіктері саны
II III орташа мәні
5
10
15
20
25

Қорытынды жасай отырып, мына сұрақтардың жауабын дәптеріңізге жазыңыз:

  • Жарық қарқындылығының өзгеруі фотосинтез процесіне қалай әсер етеді?
  • Фотосинтез үрдісінде хлорофилл пигменттерінің рөлі қандай және олар жарықпен қалай әрекеттеседі?
  • Фотосинтез үрдісіне жарықтан бөлек, тағы қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

Қорытынды

Бұл тәжірибеде оқушылар фотосинтез үрдісіне күн сәулесінің қалай әсер ететінін анықтады.