Пияз қабығы микропрепаратын сәулелі микроскоппен зерттеу
Қадам 1. Микроскоптың құрылымымен және керекті материалдармен толық танысып шығыңыз.
Қадам 2. Төсеніш шынының таза болуына мән беріңіз. Егер таза болмаса оны алдымен сүртіп алғаныңыз дұрыс. Шыныға тамшуырмен 1-2 тамшы су тамызыңыз.
Қадам 3. Микропрепарат дайындаңыз. Пияз ішкі пленка қабығын алыңыз және оны шыныға қойыңыз.
Қадам 4. Пияз қабығын шыныға дұрыстап жайып орналастырыңыз. Қабық пен шынының ортасындағы суда ауа қалса оны шығарып тастаңыз. Қабық үстіндегі артық су болса оны қағаз сүлгімен не фильтр қағазымен алыңыз.
Қадам 5. Тамшуырды пайдаланып, пияз қабығына йод қосыңыз. Йод жасушаларды бояу және микроскоп астында көрінуді жақсарту үшін қолданылады. Қабыршақты қалың әйнекпен жабыңыз.




Қадам 6. Боялған препаратты микроскопқа қойыңыз. Айна арқылы жарықты зат қоятын үстелдің саңылауына бағыттаңыз.
Қадам 7. Окулярға қарап отырып, заттың бейнесі анық көрінгенше тубусты баяу бұранды арқылы қозғаңыз.
Қадам 8. Препаратты үлкейтіп қараңыз. Окулярда линзаның ұлғайту шамасы мен объективтің ұлғайту шамаларына қараңыз. Обьективті әртүрлі ұлғайтуын өзгерте отырып, уақытша препаратты түрліше ұлғайғанын көре аласыз.
Суреттегі микроскоптың окуляры х16, ал объектив ұлғайтулары х4, х10 және х40. Сәйкесінше ұлғаю х16 мен х4 үшін 64 есе ұлғаяды.
Қадам 9. Препаратты үлкейтіп қараңыз. Обьективті келесі ұлғайту өлшемін бұрап қойыңыз. Ұлғаю х16 мен х10 үшін 160 есе ұлғаяды.
Қадам 10. Препаратты үлкейтіп қараңыз. Обьективті келесі ұлғайту өлшемін бұрап қойыңыз. Ұлғаю х16 мен х40 үшін 640 есе ұлғаяды.
Қадам 11. Сұрақтарға жауап беру арқылы қорытынды жасаңыз:
- Микропрепарат дегеніміз не және ол микроәлемді зерттеуде не үшін қолданылады?
- Пияз қабығының микропрепаратын қалай дайындауға болады?
- Сәулелік микроскоппен микропрепаратты зерттеу үшін қандай құралдар мен жабдықтар қажет болады?
- Сәулелік микроскоппен пияз қабығының микропрепаратын зерттеу кезінде қандай құрылымдар мен жасушаларды анықтауға болады?
- микроскоп
- пинцет
- тамшуыр
- пияз
- йод
- су
